06.01.2026
Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан балаларға арналған Жаңа жылдық мереке өтті.
Президенттік шырша «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» деген атаумен ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға облыстың барлық өңірінен 200 оқушы қатысты. Жаңа жылдық сыйлықтарды Мемлекет Басшысы атынан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстады.
Президенттік жаңа жылдық шыршаға 9–13 жас аралығындағы балалар шақырылды. Біздің мектеп-интернаттан мерекелік шараға 4 сынып оқушысы Айтмукушев Мансур және 5 сынып оқушысы Жүніс Эмирхан қатысты.
Салтанатты іс-шара «Bolashaq Saraiy» мектептер сарайында өтті. Балаларды Аяз Ата мен Ақшақар қарсы алды.
Жаңа жылдық мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен жалғасты және ертегілер кейіпкерлерімен бірге шыршаның тұтану рәсімі өтті.
Мерекенің соңында қонақтарға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атынан ақшалай сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табыс етілді.